Атырауда 10 мыңнан астам ағаш отырғызылды

Сәуірде басталған тазалық науқанына 46 200 адам қатысты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тазалық жұмыстарына 1053 техника тартылып, облыс аумағынан 1500 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Акция аясында «TazaQazBot» телеграмм чат-блогы іске қосылып, экологиялық мәселелер бойынша 43 өтінім түскен. Бүгінде оның 31-і орындалып, 4-і кері қайтарылған және 8 өтінім орындалуда.

Сонымен қатар қала аумағына 9038 ағаш көшеті мен 4600 бұта ағашы отырғызылды.

- Республикалық науқанда санитарлық тазалаумен қатар, абаттандыру, шабақ құтқару жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оған ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері белсене қатысты. Акция аясында облыс әкімінің тапсырмасына сай, жыл соңына дейін іске асыруға тиісті 19 іс-шара бекітілді. Соған сай жұмыстар жалғасын табады, - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Зарина Төребаева.

Ауқымды акция барысында 5182 аула, 326 парк пен сквер, 114 тарихи-мәдени ескерткіш, 566 әлеуметтік нысан, 35 өзен мен арық және фонтан тазаланды.