Атырауда заманауи мектеп командаларының семинары өтті
Атырау мен Орал қаласы мектеп басшылары арасында «Заманауи мектеп, тәжірибе, әрекет, нәтиже» деген тақырыпта тәжірибе алмасу семинары өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл басында Атырау мен Орал қаласы білім басшылары арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық келісім жасалған болатын. Осы келісімге орай аймаққа Орал қаласының мектеп басшылары тәжірибе алмасу мақсатында семинарға келді.
- Бұл мұғалімдер арасында өңірлік тәжірибе алмасу семинарының мақсаты - мектеп командасының жұмысын жүйелендіру, яғни мектептегі 7-8 мұғалімнен құралған топтар бірлесіп бір мақсатқа жұмыс жасайды. Сабақты жоспарлаудан бастап, оны өткізу, қандай кемшіліктер кетіп жатыр, алдағы уақытта қандай нәтиже шығарамыз деген ниетпен бір-бірін жетілдіріп дамытады. Мектеп командасы арқылы мұғалімдер біріншіден өздерін жетілдіреді, екіншіден білім сапасының артуына өз үлесін қосады. Сол арқылы оқушылардың күнделікті дәстүрлі сабақтар емес, жобалар арқылы қызығушылығы артады,- деді №41 мектеп-гимназияның басшысы Қайырғали Азилов.
Семинар төрт бөлімнен тұрады. Біріншісі «TEDx» бағыты, яғни 4-5 мұғалім команда құру арқылы басқа мектептерде жоқ жобаларын таныстырады. Мысалға бастауыш сыныбында әр пәннен бір мұғалім сабақ беретін болса, 4 сыныпта оларға басқа аралас 4-5 мұғалім сабақ береді. Осы арқылы келесі 5-ші сыныпқа өткенде оқушылардың мұғалімдерге көздері үйреніп, үлгерім көрсеткіштері де жақсы болады. Екінші бөлім - мектептегі әр түрлі үйірмелердегі, яғни гитара, жас тігінші, жас тілші, патриоттық және спорттық ойындар арқылы оқушылардың қызығушылығын ояту. Үшінші бөлім - жас мамандардың шеберлік сағаты. Яғни 20-25 жылдық тәжірибесі бар мұғалімдердің орнына жас мамандарды ұсынып, олардың жұмысына басымдық беру. Соңғы бөлім ол - «рефлексия», яғни өткен семинар қортындыланып, жиналған мәліметтерді ақылдасып талқылау.
Айта кетейік, аталған семинар қаламыздағы №16, №35, 40, 41 мектептерде өтті. Семинарға Орал қаласынан 10 мектеп директоры арнайы келіп қатысты.