Атыраудағы №11 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп толығымен сүріліп, орнына жаңа білім ұясы бой көтермек, деп хабарлайды AtyrauPress.
Білім ордасының негізі 1961 жылы қаланған. Жалпы аумағы – 2 мың шаршы метрге жуықтайды. Мектеп директоры Ақкүн Сейтенованың айтуынша, ғимараттың әбден тозығы жеткен және құлауға шақ тұр.
«Мектептің жертөлесіне жерасты суы толып, қысы-жазы кетпей тұрады. Жазғы каникул кезінде жүргізілген жөндеу жұмыстары текке кетеді. Өйткені қабырғалар ылғал тартып, қақырап түсіп қалады. Бұған қоса, жауын-шашынды күндері төбеден су ағады. Мектепке қосымша салынған ғимараттың қабырғасы жарылып тұр. Сырты да көнерген. Балалардың оқуына мүмкіндік болмады. Қазір мектеп ішіндегі мүлікті түгендеп, оны қалалық білім бөліміне тапсырып, ішін босатудамыз», - дейді А.Сейтенова.
Бүгінде №11 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары №2 және №5 мектептерде оқып жатыр. Айта кетейік, ескі мектепте күні бүгінге дейін 573 оқушы оқып келді, оның 229-ы бастауыш сынып оқушылары. Жасөрендерге 70-тен астам мұғалім дәріс береді.
Қазір жаңа мектептің жобалау-сметалық құжаттары жасалынуда. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың наурызында басталады.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА