Атырауда ит өлекселеріне қатысты мамандар түсініктеме берді
AtyrauPress редакциясы көтерген мал қорымынан табылған ит өлекселеріне қатысты мәселеге орай "Атырау қалалық ветеринария станциясы" КМК директоры Сатыбалды Оразғалиев жауап берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
– Қаңғыбас иттерді аулаумен айналысатын мердігер компания қызметкерлері Авангард ықшамауданының тұрғынынан «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы өтініш қабылдады. Ол үй айналасында құлағында белгісі (чип) бар иттердің балалар мен ересектерге шабуыл жасайтынына шағымданған. Сөйтіп, алдымен жануарлар қорғаушыларына хабарласып, иттерді алып кетуді сұрапты. Бірақ төртаяқтылар оларға да шабуылдаған соң, жөндеріне кеткен.
«Атырау қалалық аулау қызметі» ЖШС қызметкерлері тұрғындардың өтініші бойынша иттерді ұстап, уақытша ұстау пунктісіне әкелді. Кейін облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 19 тамыздағы №179 шешімінің 25-тармағына сәйкес иттерді екі сатылы эвтаназия әдісімен жансыздандырды. Жоғарыда аталған шешімнің 26-тармағына сәйкес оларды биометриялық шұңқыр орнатылған мал қорымына тапсырды, - деп түсіндірді ветеринария станциясының басшысы бізбен әңгімесінде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ