"Еліне адал жастар тұрғанда Қазақстан артта қалмайды"

Ислам Жұмабек - «Атырау» волейбол клубының мүшесі. ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мектеп жасынан бастап волейболға қызығушылығы оянып, 2013 жылдан бастап командаға кәсіби ойыншы ретінде қабылданған. Он жылдан астам тәжірибесі бар спортшының командадағы позициясы - либеро.

- Мектеп қабырғасында жүргенде кәсіби волейболшылардың ойынына қызығып, мен де сондай боламын деп мақсат қойдым. Қазіргі уақытта клубта ойнап жүргеніме он жыл толды. Командамызбен көптеген жетістікке жетіп, еліміздің үздіктері қатарынан көрініп келеміз. Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленіп, Бахрейн елінде өткен чемпионатқа қатыстық. Қазіргі уақытта ҚР Кубогіне қызу дайындалып жатырмыз. Жаны спорт сүйер артымнан ерген жастарға бастаған істе адам болып, соңына дейін еңбек етсе ғана жемісін көретінін айтқым келеді. Біз сияқты еліне адал қызмет етер жастар тұрғанда Қазақстан әлем елдерінен артта қалмасына сенемін,-деді И.Жұмабек.

Анықтама үшін: Облыстық волейбол клубы Облыс Әкімінің бастамасымен 1999 жылы Атырау қаласында құрылды. Команда өзінің 24 жылдық тарихында Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Сонымен қатар үш дүркін, 2003, 2018, 2022 жылдары Қазақстан Республикасының Чемпионы атағына ие болды. 6 рет Күміс жүлдегер, 4 рет Қола жүлдегер.

Сондай-ақ, 7 рет, 2000, 2009, 2010, 2015, 2017, 2021, 2022 жылдары Қазақстан Республикасының Кубогі, 2021, 2022 жылдары Суперкубок иегері.