Жекпе-жек жеңімпаздары әлем чемпионатына жолдама алды

АTPress.kz. 27 ақпан. Атырауда жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.

Екі күнге жалғасқан ел чемпионатына еліміздің барлық облыстарынан екі жүз спортшы қатысты. Олардың отызы Атырау облысының батырлары.  Ерлер он салмақ бойынша бағын сынаса, әйелер бес салмақ дәрежесімен сынға түсті. Атырау облысынан әйелдер қатысқан жоқ. 

Дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті Сабыржан Ғалымжанұлының айтуынша, бұл чемпионат ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанада өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болып табылды. 

- Атыраудағы чемпионатта бірінші және екінші орын алған спортшылар, әлем чемпионатына жолдама алып, «Спорт шебері» деген атақ беріледі. Астана қаласындағы жекпе-жек ЭКСПО-2017 әлем көрмесіне және Астана қаласындағы жекпе-жек сарайының ашылуына байланысты өтеді. Жарыстың мақсаты жігерлі де, намысшыл қайсар ұл-қыздарды тәрбелеп шығару, - дейді Сабыржан Ғалымжанұлы.

Жекпе-жектен жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Алматы облысы, екінші орынды Ақтөбе облысы жеңіп алса, Атырау облысының спортшылары үздік үштікке енді. Атырау облысының намысын қорғап, 85 келі салмақта чемпион атанған 26 жастағы Исатай Теміров пен жалпыкомандалық есепте үштікке кірген командаларға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев чемпионат кубогін табыс етті.  

- Алдағы уақытта да биіктен көрініп, жеңісті күндеріннің көп болуларын тілеймін. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», деген батыр Бауыржан Момышұлы. Бар күшетеріңді Қазақстанның мықтылығын көрсетуге жұмсайды деп сенім білдіремін, - деді Нұрлан Ноғаев. 

Исатай Теміров, жекпе-жектен Қазақстан чемпионы

- Жекпе-жек өнеріне ММА-ден келдім. Мен үшін бүгінгі жекпе-жек ойдағыдай өтті. Қазақстанда осымен екінші рет қатарынан чемпион атанып тұрмын. Бас бапкерім Бауыржан Берғали деген кісі. Бұйырса Астанада өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып, Қазақстанның намысын қорғаймын.  

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі