ATPress.kz. 27 мамыр күні Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен Бұқаралық спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен street workout-тан қала жастары арасында кезекті іріктеу турнирі өтті, деп хабарлайды облыстық дене шынықтыру және спорт бас
«Нұрсая» мөлтек ауданында өткен төртінші кезеңде 12 қатысушы болды. Бұл жолы олар ауыр салмақ іліп, отырып-тұру жаттығуын, кейін белтемірге (турник) тартылу, қолымен жерден көтерілу (отжимание) жаттығуын жасады. Осы үш жаттығуды ең жылдам орындаған сайыскер жеңімпаз атанды.
25 жастағы Нурик Мұздыбаев 1:32,91 уақытымен бірінші орынға ие болды. Ең жасы үлкен қатысушы - 27 жастағы Олжас Шыңғалиев 1:58,93 уақытымен екінші орыннан көрінді. Үздік үштікті 25 жастағы Бекзат Талғатов 1:59,72 уақытымен түйіндеді. Одан бөлек Бейбарыс Еркен (2:04,57) және Сұлтан Ғазимов (2:25,75) ақтық сынға жолдама алды.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусым күні төрт кезеңнен іріктеліп, үздік атанған 20 қатысушы Қ. Смағұлов аллеясындағы «Бар барыс» спорттық алаңында ең мықтыны анықтайтын болады.
Осы уақытқа дейін өткен төрт кезеңде жастар street workout-қа деген қызығушылықтары зор екенін айғақтады. Жүздеген қатысушы соның дәлеліндей. Алдағы уақытта, жарыс ұйымдастырушылары аталған сайысты тұрақты түрде өткізуді мақсат етіп отыр.
Айқара Ғұмар