ATPress.kz. 2 мамыр. Атырауда 1 мамыр - Қазақстан халықының бірлігі күніне орай жастар арасында «Street Workout» турнирі өтті. Шараны қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен бұқаралық спортты дамыту орталығы ұйымдастырған.
Қ. Смағұлов алаңында болған сайысқа 30-ға жуық атыраулық жас қатысты. Жарыс үш кезең бойынша өтті. Олар: белтемірге (турник) қосымша салмақты беліне байлап тартылу, белтемірден кеудені асыра тартылу және сырықтағы жаттығу (брусья). Осылайша, үш кезең бойынша ұпайлар жинақталып, жалпы есепте үздік шыққандар анықталды.
Қатысушылардың арасындағы ең жасы 12-дегі Арман Ыбрай болды. Ол барлық жаттығу бойынша 31 ұпай жинап, ересектермен бірдей дәрежеде танылды. Өз кезегінде ұйымдастырушылар кішкентай Арманды «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы дипломымен марапаттады.
Жарыс жеңімпазы болып 18 жасар Эдуард Щелков тұғырдың төріне көтерілді. Ол жалпы саны 53 ұпай жинады. Екінші орынды 52 ұпаймен Артем Трембаг еншіледі. Үздікті үштікті 46 ұпаймен Саид Типаев түйіндеді.
Ең үлкен салмақпен белтемірге тартылу бойынша Артем Трембаг жеңіске жетті. Ол беліне 61 келіні байлап көтерілген. Нәтижесінде, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етілді.
- Алғашқы кезеңде жарысты қызығып көрушілер саны көп болды. Бұның өзі Street Workout-тың жастар арасында сұранысқа ие, әрі қол жетімді спорт екенін көрсетеді. Бұндай сайыстарды алдағы уақытта жиі өткізуді қолға аламыз, - дейді Атырау қалалық спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.
Айта кету керек, қалалық турнирге іріктеудің екінші кезеңі 7 мамыр күні Привокзальный 5-ші мөлтек ауданында болады. Үздік шыққан 5 қатысушы 1 маусым күні өтетін ақтық сайысқа жолдама алмақ.
Айқара Ғұмар