ATPress.kz. 11 наурыз. Құрманғазы ауданының 90 жылдығына орай, қыз-келіншектер арасында волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат және тоғызқұмалақтан аудандық спартакиада өтті.
Оған ауылдық округтерден, мектептерден, денсаулық сақтау, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінен барлығы 19 команда қатысты. Шара барысында спорт ардагерлері, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары Қымбат Шияпова, Римма Салихова, Нұрша Хамитоваға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сайыс қорытындысымен тоғызқұмалақтан мақаштық М. Қажыбаева жеңімпаз атанып, бірінші, үшінші орындарды орлылық М. Шайхиева, еңбекшілік Ж. Хамитова иеленді. Дойбыдан Ганюшкин ауылдық округінің тұрғыны Р. Салихова бірінші орынды қанжығасына байласа, екінші, үшінші орындарды Әуезов, З. Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының мұғалімдері Қ.Медеуғалиева, Г.Бақытжанова қанағат тұтты.
Шахматтан қиғаштық Э. Досмұхамбетова үздіктер қатарынан табылса, ІІ, ІІІ орындарға нұржаулық Ш. Ғилыманова, денсаулық сақтау саласының қызметкері Н. Хамитова табан тіреді.
Үстел теннисінен қиғаштық М. Утепбергенова жеңіс тұғырынан көрінсе, ІІ, ІІІ орындарды А. Шамишева, Г. Утегенова иемденді. Воллейболдан Бірлік ауылдық округінің қыз-келіншектері үздік ойынын көрсетсе, ІІ, ІІІ орындар Әуезов атындағы жалпы орта мектеп, Ақкөл ауылдық округінің командаларына тиесілі.
Жалпы командалық есепте Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің нәзік жандары жеңімпаз атанса, ІІ, ІІІ орындарды Орлы ауылдық округі мен аудандық денсаулық сақтау бөлімінің командалары өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі атынан дипломдар, кубоктар, естелік сыйлықтар ұсынылды.
Өз тілшіміз