ATPress.kz. 28 сәуір. 24-28 сәуір аралығында Өскемен қаласындағы «Жекпе-жек» сарайында кикбоксингтен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті.
Бес күнге созылған ел біріншілігінде барлық өңірден келген мықты спортшылар қатысып, әлем чемпионатына жолдаманы сарапқа салған-тұғын.
Аталған байрақты бәсекеде Мереке Рыспаев бастаған Атырау жастар құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль еншілеп, жеңіспен қайтты. Атап айтқанда, Сәлімжан Сәлімгереев қарсыластарының барлығын тізе бүктіріп, сегіз дүркін Қазақстан чемпионы атанса, Диана Жұмағазиева күміс жүлдені иеленген. Ал, Аян Шамболов қола медалға қол жеткізіпті.
Енді биыл қыркүйек айында өтетін жастар мен жасөспірімдер арасындағы кикбоксингтен әлем чемпионатында ел намысын Сәлімжан Сәлімгереев қорғамақ.
Айта кету керек, бұл жеңістен бөлек, жуырда бес атыраулық жасөспірім Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, әлем біріншілігіне жолдама ұтып алған болатын.
Айқара Ғұмар