АTPress.kz. 28 ақпан. Азиада ойындарына барған отандастарымыз жарыста 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медальді жеңіп алды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Қазақстан спортшыларының VIII қысқы Азия ойындарындағы нәтижесін қорытындылады.
Е.Қанағатовтың айтуынша, бұған дейін спортшыларымыз бес Азия ойындарына қатысып, барлығы 69 алтын, 51 күміс және 44 қола жүлде иеленген болатын. Ал, 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен сында саңлақтарымыз 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медальді місе тұтты. Биылғы Азиадада Қазақстан құрамасы тағы да алдына Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытайды жіберіп, төртінші орынды қанағат тұтты.
- Азиадаға біздің кейбір мықты деген спортшыларымыз қатыса алмады. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан халықаралық турнирлер мен әлем чемпионаттарына қатысып жатыр. Кейбіреуі келесі жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпадаға дайындалуда. Дегенмен, қысқы спортты серік еткен қыз-жігіттеріміз еліміздің намысын қолдан бермеуге тырысып, Жапониядан жүлденің түр-түрін арқалап әкелді. Енді олар Үкіметтің тиісті қаулысымен ақшалай сыйақы алып, марапатталады, - деді Елсияр Қанағатов.
Мереке Асанова