ATPress.kz. 15 наурыз. Қазақша күрестен Атырауда өткен ашық республикалық турнирде бас жүлде шығыс қазақстандық палуан Айбек Нұғымаровқа бұйырды.
«Осылайша, жеңімпаз 2 миллион теңгенің иегері атанды», - деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазақстанның барлық облыстарынан 18 спортшы және Грузия елінің палуандары қатысқан байрақты бәсекеде екінші орынды алматылық палуан Дәурен Нұралинов иеленіп, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Үшінші орынды қарағандылық Ержан Шынкеев пен алматылық Руслан Абдразақов өзара бөлісіп, әрқайсына 500 мың теңгеден ақшалай жүлде табысталды.
- Қазіргі уақытта Атырау облысында ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда, солардың бірі қазақша күрес. Жарысқа «Қазақстан барысы» және «Әлем барысы» турнирлерінің жеңімпаздары қатысты. Іс-шара жоғары деңгейде өтті, - дейді Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.
Айта кетелік, турнирдің жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрады. Қазақша күрестен ашық республикалық турнир «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы аясында өтті.
Бек Әзберген