ATPress.kz. 18 қараша. Миялы селосындағы «Мұнайшы» стадионында ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген қызметкер, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері Сайпол Мұқанов атындағы көкпар болып өтті.
Айтулы бәйгеге Жангелдин, Ойыл және Миялы ауылдық округтерінің көкпаршылары қатысты.
Ойын барысында, жангелдиндік көкпаршылар Азамат Аштақаев пен Орынбек Мұқашев екі салымнан салса, Әлішер Жеңісұлы бір салым салып 5:0 есебімен Ойыл ауылдық округінен қатысушы көкпаршыларды жеңді. Нәтижесінде, І орынды жангелдиндік көкпаршылар иеленді, ІІ және ІІІ орынды Ойыл мен Миялы ауылдық округінің көкпаршылары бөлісті.
Көкпаршылар «Сарқұмақ», «Жаңа Қора» шаруа қожалықтары тіккен екі қойды қанжығаларына байлады.
Нұрсәуле Жауынбаева