Индерліктер Астана қаласында өтетін ел чемпионатында бақ сынайды

ATPress.kz. 1 ақпан. Грэпплинг – елімізде соңғы жылдары жақсы дамып келе жатқан жауынгерлік спорт түрлерінің бірі. Негізінен белдесу бағытындағы күрес түрлерінің әдіс-тәсілдері жиі қолданылады.

Индер ауданында кезінде еркін күрес және дзюдо спорт түрлерімен айналысқан жерлестеріміз бұл өнерден де қалыс қалмады. Жақында Индер жекпе-жек клубының жігіттері Атырау қаласында грэпплинг спортынан өткен Қазақстан чемпионатына іріктеу сайысынан жүлделі оралды.

Айталық, 62 келі салмақ дәрежесінде Дәурен Сағынғалиев қарсыластарының бәрін ұтып, 1 орынды жеңіп алды. 

- Жауынгерлік жекпе-жекте жеңіске жету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан да жақсы дайындық аса маңызды. Жігіттердің қай-қайсысы да намысты қолдан бермеуге тырысты. Бабым мен бағым келісіп, қарсыластырымның бәрін еркін еңсердім. Жарысқа қатысуымызға жағдай жасаған Индер жекпе-жек клубының бапкері Ринат Арыстановқа жігіттер атынан ризашылығымызды білдіреміз, - дейді ол. 

Дәурен Сағынғалиев «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Индер аудандық бөлімінде кеңесші маман қызметінде жемісті еңбек етіп келеді. Жасында дзюдомен шыңдалған палуан қазір жауынгерлік өнерді де серік етіп жүр. 

Сонымен қатар 77 келіде Райымбек Сәрсенбаев бас жүлде иеленсе, Индер аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Айбек Ерғалиев, жергілікті балалар спорт мектебінің бокс бөлімінің бапкері Мейрамбек Тұрғалиев күміс және Индер аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы Аманжол Лұқпанов, өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Нұрбек Сағынов, Оралхан Бакетов қола жүлденің иегерлері атанды. 

Жеңімпаз танылғандар алдағы айда Астана қаласында өтетін ел чемпионатында бақ сынамақ.

 

С. Базарбаев

Сурет: 24.kz