Дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернаты салынады

АTPress.kz. 5 сәуір. Атырауда биыл спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының құрылысы басталмақ. Үш жүз орынға арналған интернатта оқушылар аудандардан келіп, дайындалып, спорттың барлық түрі бойынша кәсіби айналысуына мүмкіндік алады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім болды. Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, интернат құрылысының жобалық-сметалық құжаттары тамыз айында аяқталып, құрылысты биыл бастап кету жоспарланған. 

- Жергілікті спортшыларға арналған 300 орындық интернат болады. Оның ішінде 200 орын жатып оқитындарға арналған. Аудандардан келгендер, қалалықтар да спорттың барлық түрі бойынша кәсіби дайындалуына мүмкіндік болады. Болашақта үлкен чемпиондар шығады деген сеніммен салынуда, - деді басқарма басшысы Азамат Бекет.  

Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 984 спорттық нысан жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, биылғы жылдың мамыр айында Жылыой ауданының Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай ауылдарында, шілде айында Жаңа Қаратон селосында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталады деп күтілуде.  

- Сонымен қатар, Атырау қаласында күрес түрлеріне арналған спорттық кешенінің құрылысы басталмақ. Қалаға қарасты ауылдық округтер аумағында кросс-фит және күрес түрлерімен шұғылдануға арналған жедел құрастырмалы спорттық залдар құрылысын жүргізу жоспарда бар, - деді А.Бекет. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі