АTPress.kz. 28 сәуір. Атырауда қазақ батырлары Исатай мен Махамбет рухына арналған IX халықаралық бокс турнирі өтуде, деп хабарлайды АTPress.kz тілшісі.
Биылғы дәстүрлі турнирге 8 мемлекеттен жүзге жуық спортшы қатысып бақ сынауда. Сонымен қатар әлемнің 20 елінен келген төрешілер төрелік етеді. Олардың арасында бірнеше мәрте Олимпиадаларда төрелік еткендер бар.
Турнирге Қазақстан бойынша қырықтан астам боксшы қатысуда. Аталған турнирде Атыраудың намысын 8 спортшы қорғайтын болады. Он салмақ түрі бойынша өтетін бокс турнирі 30 сәуірде аяқталады.
Кеше алғашқы іріктеу кезеңдерінде, өнер көрсетіп, жеңіске жеткен, спортшылардың сапында атыраулық Қазбек Сапенов те бар.
- Бүгінгі іріктеу кезеңінде қазақстандық боксшымен кездесіп, келесі кезеңге жолдама алдым. Дайындығым жақсы. Алдағы кездесуде де Қазақстанның намысын қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысамын, - дейді спортшы.
Айта кетейік, Қазбек Сапеновтің осы турнирі ересектер арасындағы додадағы алғашқы қадамы. Мақат ауданынан қанаттанған ол бұған дейін жасөспірімдер арасындағы халықаралық, әлемдік додаларда бірнеше кездесулер өткізіп, жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі