Ауыл тұрғындарының дәстүрлі Жеңіс тойы

АTPress.kz. 10 мамыр. Жеңіс күнінің құрметіне орай ауыл сыртына ел жиылып, ат шаптырып, арқан тартысу Сүйіндік ауылы тұрғындарының жыл сайынғы дәстүрі.

Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылында ұйымдастырылған биылғы аламан бәйге былтырғыдан ерекше. Аламан жарысқа көршілес Батыс Қазақстан облысының шабандоздары қатысып, барлығы 22 жүйрік 24 шақырым қашықтыққа бақ сынасты. Бірінші болып мәре сызығын кесу Орда өңірінен келген Асхат Матаевтың Балакүрең атты сегіз жасар жылқысына бұйырды. Шабандоз Фархаттың айтуынша, бұл жүйріктің соңғы жылдарда қатарынан алып отырған сегізінші жеңісі. Бұған дейін де аламан бәйгелерде иесіне жеті мәрте бірінші орынды сыйлаған. 

- Жүйрік ат жүрісінен белгілі. Шабысын құлын кезінен танып атын Балакүрең деп қойдым. Қазақтың қарапайым жабы жылқысы. Жылқыны аламанға жиырма күндей баптадым. Аламандағы бағы шабандозға да байланысты, - дейді жүйріктің иесі Асхат Матаев.

Сондай-ақ, жүлделі екінші орынды Сүйіндік ауылынан қатысқан Биғали Юшаховтың Нұртөбел атты жүйрігі иемденсе, шабандозы Азат тақымдаған Дәурен Апуовтың жылқысы мәре сызығын үшінші болып кесті. Аламан бәйгеге бірінші орын үшін 50 мың, екінші орынға 40 мың, үшінші жүлдеге 30 мың теңгеден сыйлық берілді. Ал жаяу жарыста жүлделі орын алған жүйріктер  10 мың, 7 мың, 3 мың теңгеден ақшалай сыйлықпен марапатталды.  

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі