Атыраулық меценат «Atyrau Marathon-2018» шарасына 500 орын сатып алды

ATPress.kz. 5 мамыр. «Atyrau Marathon-2018» ұйымдастыру комитеті хабарлағандай, атыраулық кәсіпкер Ерлан Табылдиев аймақтағы жеңіл атлетиканың дамуына үлес қосу мақсатында 10 шақырымдық марафонға қатысамын деушілерге 500 орын сатып алған.

Жалпы, биыл «Atyrau Marathon-2018» спорттық шарасында негізгі 42 шақырымнан бөлек, 10, 4,5 шақырымдық қашықтықтағы жүгірулер ұйымдастырылғалы отыр.

«Марафонға қатысу ақылы. 42 шақырым қашықтыққа - 3 мың теңге, 10 шақырымға – 1 мың теңге жарна қарастырылған. Ал 4,5 шақырымдық марафонға қатысу тегін. Студенттер мен зейнеткерлер де тегін қатыса алады», - дейді «Atyrau Marathon-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.

Кәсіпкер Ерлан Табылдиев жеңіл атлетиканы насихаттау мақсатында 10 шақырымға жүгірушілер үшін сатып алған 500 орны жарыс басталар алдында сөреге жиналғандарға таратылмақ.

«Біздің қалада марафонға қатысқысы келетіндер көп, сәйкесінше, жүгірмеуге сылтау табатындар да бар. Осы қадамым арқылы 10 шақырымдық жүгіріске қатысатындарды ынталандырғым келді», - дейді кәсіпкер.

Сөреде тіркеу орны орналасқан, қатысуға ниеттілер сол жерге келсе болғаны. Сонымен, 10 мың метр қашықтықтың сөресі Әбілқайыр хан даңғылында, Уорлей Парсонс алаңы мен Мұз сарайының арасында орын тепкен. 

 

Айқара Ғұмар