АTPress.kz. 20 сәуір. Атырауда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған таэквондодан Азия чемпионатына 25 мемлекеттен бес жүзге тарта спортшы қатысуда. Сондай-ақ, шет мемлекеттерден жүзге жуық жанкүйер жиналған.
Байрақты бәсекеде 25 елден келген спортшылар ерлер 10 түрлі, қыздар 10 түрлі салмақ бойынша өнер көрсетіп, бір апта бойы Атыраудың төрінде бақ сынасатын болады. Додаға Қазақстанның атынан 20 спортшы қатысуда. Олардың арасында Атыраудың атынан жалғыз қатысып, ел намысын қорғаған Жадыра Хайруллина доданың алғашқы күнінде өнер көрсетіп, үшінші орынды қанағат тұтты.
- Бүгін Азия чемпионатының екінші мәрте жүлдегері атанып тұрмын. Алғашқы қарсыласым Үндістанның спортшысын тізе бүктіріп, Иранның қызынан бір ұпаймен жеңіліп тұрмын, - дейді 15 жасар спортшы.
Кеше доданың салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
- Атырау облысында Азия чемпионатының өтуіне барлық қолайлы жағдай жасалған. Бірқатар спортшыларымыз осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, көк байрағымызды әлемдік ареналарда желбіретіп жүр. Соның бірі Бейжің олимпиадасының жүлдегері Арман Шілманов бүгінгі таңда өз тәжірибесін жастарға үйретіп, елге қызмет етуде, - деді Н.Ноғаев.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Суреттер автордікі