Атырауда полицейлер арасында спартакиада өтуде

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері арасында спартакиада басталды.

Турнирге облыстық, қалалық және аудандық полиция бөліністерінің қызметкерлері қатысып, 11 команда өзара спорттың 3 түрінен бақ сынасуда.

Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев қызметкерлерді атаулы мерекемен құттықтап,
2021 жылдың қорытындысымен ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады.

- Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, департамент қызметкерлерін толығымен қамтып, арқан тартыс, волейбол және футбол ойыны бойынша спартакиада өтуде.

Сайыс қорытындысымен үздік шыққан командалар  марапатталады. Мақсат - командалық рухты көтеру, салауатты өмір салтын насихаттау, - деді Болат Көшқалиев.

Спартакиада ойындары кешке дейін жалғасады. Жеңімпаздар Алғыс хаттар, кубоктармен марапатталады.