ATPress.kz. 25 мамыр. WSB жобасының үш дүркін чемпионы «Astana Arlans» командасы Ұлыбританияның «BritishLionhearts» командасымен кездеседі, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
25 мамыр күні «Құрманғазы» мәдениет сарайында «Astana Arlans» және «BritishLionhearts» командасы боксшыларының салмақ өлшеу рәсімі өтті. Шара барысында Бүкіләлемдік бокс сериясының British Lionhearts-ке қарсы жартылай финалдық кездесуі үшін Қазақстан құрамасының құрамы айқындалды. Сонымен, "Astana Arlans" құрамында - Сәкен Бибосынов (52 кг), Закир Сафиуллин (60 кг), Асланбек Шымбергенов (69 кг), Бек Нұрмағамбет (81 кг), Қамшыбек Құнқабаев (+91 кг) өнер көрсетпек.
Еске салсақ, Англияның Шеффилд қаласында өткен аталған командалар арасындағы бірінші матчта Қазақстан өкілдері 3:2 есебімен алға шыққан болатын.
«Astana Arlans» және «BritishLionhearts» командаларының арасындағы кездесу Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорттық кешенінде 26 мамыр күні, сағат 16.00-ге жоспарланған.
Айқара Ғұмар