ATPress.kz. 2 мамыр. Атыраудағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін «Қазақстан Барысының» қалалық іріктеу турнирі өтті.
Айтулы сайысқа Атырау қаласының 12 балуаны қатысты. Сөйтіп, салмағы 90 келіден жоғары түйе балуандар арасындағы бәсеке тартысқа толы болды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда, батырды батыр жығар алысқанда» демекші, жарыс қорытындысы нәтижесінде Абылай Амандық - Атырау қаласының барысы атанды. Ол ақтық сында Дастан Бақтыбайды жеңіп, жеңімпаз болды. Балуандарға диплом, медаль және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
«Өздеріңіз білетіндей бүгінде қазақ күресі аса қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдерінде түрлі үйірмелер ашылып, ұлттық спорт жан-жақты танылуда. Жыл сайын әлем біріншіліктері, «Қазақстан Барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы», «Халық барысы» секілді көптеген ауқымды сайыстар ұйымдастырылып жүр», - дейді Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Ибрагимов.
Енді, Атырау қаласынан үздік шыққан қос балуан Абылай Амандық пен Дастан Бақтыбай 5 мамыр күні Х. Досмұхамедов атындағы университеттің алаңында өтетін облыстық турнирде бабы мен бағын сынамақ.
Айқара Ғұмар