ATPress.kz. 23 мамыр. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барды, деп хабарлайды parlam.kz.
Қ. Тоқаев аймақ активімен және жұртшылықпен кездесуде Қазақстан күрделі жағдайларға қарамастан халықаралық қауіпсіздікті нығайту, әлемдегі барлық мемлекеттермен достық қатынастарды орнатуға бағытталған сыртқы саясатын дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Н. Ә .Назарбаевтың басшылығымен біздің еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси саласында ауқымды реформалар табысты жүзеге асып келеді. Әлем бізді бейбітшілікті жақтаушы, ұлттың рухын жаңғыртуға ұмтылған, бірлігі берік берекелі ел ретінде таниды», - деді Сенат төрағасы.
Қ. Тоқаев Атырау облысын ұлттық экономиканың көшбасшыларының бірі ретінде атап өтті. Бүгінде Атырау аймағы жалпы өнімнің, оның ішінде жан басына шаққандағы көлемі, өнеркәсіп өндірісі, шетелдік инвестиция тарту секілді көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында. Негізгі донор аймақтардың бірі ретінде республика бюджетіне қомақты үлес қосуда.
Атыраулықтардың жетістіктері туралы айта келіп, Сенат төрағасы Үкіметтің өңірлік саясатын теңгерімді жүргізуі қажеттігін және бюджет кірістерін ұлғайтуға ынталандыру оның басым бағдары болуы тиіс екеніне тоқталды.
Қ. Тоқаевтың айтуынша, еліміздің бюджет жүйесі әлі де болса тым «орталықтандырылған» сипатта қалып отыр. Төраға субвенциялық өңірлердің санын азайту, олардың қаржылық дербестігін ынталандыру өңірлік саясаттың басты мақсаты болуы тиіс деп санайды. Ол сонымен бірге орталықтағы және жергілікті жерлердегі атқарушы билік органдары әрбір өңірдің әлеуетін ескере отырып, бюджетті толықтыру көздерін анықтап, резервтерін іздестіруі қажеттігіне назар аударды.
Парламенттің жоғарғы Палатасының төрағасы: «Мемлекет басшысы өз Жолдауында Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елдің табысты дамуының жаңа бағытын тұжырымдап берді. Бұл – стратегиялық құжат. Оны іске асыруға баршамыз аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, бұл мәселені сөзбұйдаға салып кейінге қалдыруға болмайды. «Сылдыр сөз» бен «құрғақ ұран» нақты іске көлеңкесін түсірмеуі тиіс», - деді.
Сондай-ақ Қазақстан қысқа мерзімде технологиялық жаңғыртуды, инновациялық индустрияландыруды, адам капиталын дамытуды, кәсіпкерлікке нақты қолдау көрсетуді, сонымен қатар базалық салалар болып табылатын аграрлық секторды, көлікті және логистикалық инфрақұрылымды дамытуды қолға алуы тиіс екені айтылды.
Ол азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі мемлекеттің шаралары туралы айта келіп, Президенттің әлеуметтік бастамаларын, ең алдымен жастар мен жас отбасыларды қолдауға бағыттау қажеттігін атап көрсетті.
«Бес әлеуметтік бастаманы» толық көлемде іске асыру – барлық деңгейдегі атқарушы органдардың басты міндеті. Жалқаулыққа, немқұрайлыққа енді төзуге болмайды. Осы стратегиялық маңызды іс тапсырылған тұлғалар халықтың қатаң бақылауында, қадағалауда болады», - деді Сенат төрағасы.
Еліміздің жаңаруында жаңа Ұлттық идеологияны қалыптастыратын қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызы зор. Қ. Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл Қазақстанды экономикалық, технологиялық жағынан жаңғыртудың идеологиялық тұрғыдан жол көрсететін бағдары ретінде сипаттады.
Төраға өз халқының тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін рухта тәрбиеленген, прогресс пен инновацияға бейім жаңа буын – қазақ жастары түбегейлі рухани жаңғыруды жүзеге асыратын аса қуатты күш және бұл істе шешуші рөл атқаруы тиіс деп санайды.
Залдағы жастарға арнаған сөзінде Қ. Тоқаев: «Батылдықпен алға ұмтылыңыздар, жарқын болашақтың кілті өз қолдарыңызда, еңселеріңізді тік ұстап, әрдайым дем беретін асқақ рухтан ажырамау керек. «Дүниеден түңіліп, қайғыға салыну ой кеселдері қатарынан» - деп ұлы Абай айтқандай, енжарлыққа салынып, күдер үзуге жол бермеу керек», - деді.
Сенат төрағасы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған Парламенттің заң шығару қызметі туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті. «Біз, депутаттар, өз тарапымыздан өңірлердің тиімді дамуына бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіп, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруді қамтамасыз ететін боламыз», - деді Сенат төрағасы сөзінің соңында.
Қ. Тоқаев жұмыс сапары аясында «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Жігермұнайсервис», «АтырауМұнайМаш», «АтырауАгроФеликс», «Caspian Royal Fish» жауапкершілігі шектеулі серістестіктерінде болып, аймақтың экономикалық әлеуетімен танысты.
Айқара Ғұмар
Фото parlam.kz сайтынан алынған