Нұрлан Ноғаев Әзірбайжан Елшісін қабылдады

ATPress.kz, 26 қазан. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Әзірбайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады.

Кездесуде қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланыс мәселелері талқыланды.
Аймақ басшысы қонақты Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтағаннан кейін қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесін сөз қылды.

«Әзірбайжан Республикасының Атырау облысы үшін экономикалық маңызы зор. Бұл тұрғыда байланысты дамыта түсу үшін барынша күш жұмсауымыз қажет. Елбасымыздың қолдауының арқасында облыста инвесторларға қолайлы жағдай орнап тұр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді», - деді Нұрлан Ноғаев. Ол, сонымен қатар, елдегі татулық пен бейбітшілікті сөз етті.

Елші Рашад Маммадов аймақ басшысына ыстық ықыласы үшін алғыс айтты.
«Бізді қабылдағаныңыз үшін алғыс айтамыз. Қазақстанның өңірлерін әдейі аралап жүрген жайымыз бар. Ондағы мақсатымыз екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту. Біздің экспорттық потенциалымыз зор. Тауарларымызды Қазақстан нарығына ұсынғымыз келеді. Мысалы, Әзірбайжанның био, тамақ өнімдерін Қазақстанда сату үшін дистрибютор іздестіріп жатырмыз. Ал Әзірбайжанға мәселен көп көлемде шикізат керек, астық керек. Осы мәселелердің шешімін табу бағытында қозғалмақпыз», - деді ол.

«Елбасы саясатының ең маңызды ұстанымдарының бірі саяси тұрақтылық, Қазақстан халқының әлеуетін көтеру, тұрмысын жақсарту. Көздеген көрсеткіштерге жетуіміздің негізінде қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық жатыр», - деді аймақ басшысы.

Айта кетелік, 2016 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, Атырау облысы мен Әзірбайжан Республикасы арасындағы тауар айналымы 9,4 миллион долларды құрады. Қазіргі таңда Атырау облысынан Әзірбайжанға тұщы суды мекендейтін балықтар, газ құбырлары, қара металл сынықтары мен қалдықтары, газойл, мазут экспортталып жатыр.

Камила Силыбаева