ATPress.kz. 28 шілде. Атырауда жыл басынан бері 70 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 1600 жуығы ұсақ бұзақылық, 3900 қоғамдық орындарда темекі шегу, 650 астамы тыныштық бұзғандары үшін жауапқа тартылыпты.
Бұл туралы Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Олардың айтуынша, жол қозғалысы ережесін бұзғандардың қатары 51 мыңнан асып кеткен. 5400 жүргізуші көлікті басқару кезінде ұялы телефон қолданса, 600 жуығы мас күйінде жүргізген. Нәтижесінде, 520 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Бүгінде оның 272 млн теңгесі өндіріліпті.
«Жалпы, қабылданған кешенді шаралардың арқасында облыс бойынша тіркелген құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 12,7 пайызға азайған», - дейді баспасөз қызметінің өкілі.
Айдос Қарабала
Фото antinarc.ru сайтынан алынған