ATPress.kz. 14 қыркүйек. Атырау облысы, Исатай ауданына қарасты Жанбай селосының тұрғындары құқық қорғау қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Нәтижесінде, олардың заңды қызметтеріне кедергі келтіргені үшін 11 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Сотта анықталғандай, 11 қыркүйек күні облыстық ҰҚК департаменті, облыстық ішкі істер департаменті және орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауында біріккен рейд өткізген. Қорытындысында, Жанбай селосының тұсындағы теңіздің жағалауынан заңсыз балық аулауға арналған жүзу құралдары табылған.
Тыйым салынған жүзу құралдарын алу кезінде жергілікті тұрғындар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық білдірген. Сөйтіп, олардың заңды қызметтерін атқаруға кедергі келтіріпті. Осыған байланысты, сол күні 11 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасақталып, аудандық соттың қарауына жолданған.
Ал, Исатай аудандық соты 11 тұлғаны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667 бабының бірінші бөлігімен кінәлі деп танып, оларды үш тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.
Айқара Ғұмар
Фото kiev.segodnya сайтынан алынған