Жалған ақшамен сауда жасаған азамат қолға түсті

ATPress.kz. 22 мамыр. Атырауда жалған ақшамен сауда жасаған азамат қолға түсті. Енді ол алаяқтық әрекеті үшін жауапқа тартылады.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 20 мамыр күні, сағат 20.05 шамасында болған. №1 қалалық полиция бөліміне хабарласқан жәбірленуші өзінің Балықшыдағы Пархоменко өткеліндегі дүкеннің сатушысы екенін жеткізген. Ол, дүкенге белгісіз адам келіп, жалған 20 мың теңгемен сауда жасап кеткенін айтады. Сатушы өзінің алданғанын бір сағаттан кейін ғана аңғарыпты.

Хабарлама түскен бойда жедел іздестіру шаралары жүргізіліп, күдікті көп ұзамай ұсталған. Анықталғандай, 22 жастағы өрімдей жас жігіт болып шықты. Ол полицейлерге «сувенир» ақшаны шатастырып алдым деп ақталуда.

Бүгінде Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған. Күдіктінің өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

 

Айдос Қарабала

Сурет tengrinews.kz сайтынан алынған