Универсиаданың өтуіне байланысты рейдтер жүргізілуде

АTPress.kz. 24 қаңтар. Бүкіләлемдік қысқы спорттық ойындардың елімізде өтуіне байланысты Алматы қаласында рейдтер жүргізілуде. Рейд барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері адамдарды тоқтатып, тұрғылықты мекен-жай бойынша құжат тексермейді.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі көші-қон полиция департаментінің бастығы Серік Саинов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында хабарлады. 

С.Саиновтың айтуынша, аталмшыш тексеріс Алматыда Универсиаданы өткізуге дайындыққа қатысты жедел-алдын алу іс-шаралар аясында ғана жүргізіледі. 

- Бұл шара тіркеуге байланысты емес. Біз үшін Универсиаданы жүргізу - халықаралық маңызы бар іс-шара және жалпы әлемдік тәжірибе болып табылады. Басқа аймақтарда бірде-бір тексеріс жүргізілмеген. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың наурыз айының ортасына дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық орындарда адамдарды тоқтатып, тексеріп, тіркеу қағазын талап етпейді, - деді С.Саинов. 

 

Мереке Асанова