Түйе ұрлаған азамат қамауға алынды

ATPress.kz. 21 қыркүйек. Атырауда түйе ұрлаған азамат қамауға алынды. Ол – 51 жастағы Жылыой ауданының тұрғыны болып шықты.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің айтуынша, айыпталушы 18 тамыз күні Жылыой ауданындағы шаруа қожалығынан түйе малын ұрлап әкеткен. Кейін сот алды тергеу жұмыстары басталып, Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша кінәсі толық мойындалғаннан кейін, қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілген. Алайда, айыпталушы сот отырысына келмей, қашып кеткен көрінеді. Сөйтіп, із-түссіз жоғалып кеткен азаматқа іздеу жарияланыпты.

Дегенмен, ұрының ойы жүзеге аспады. Жергілікті полицейлер оны «Учаске» шарасы аясында Атырау қаласында құрықтады. Бүгінде айыпты азамат уақытша қамауға алынған.

Енді, ұрыға қатысты соттың шешімі күтіледі.

 

Айқара Ғұмар

Фото psyciencia.com сайтынан алынған