АTPress.kz. 17 мамыр. Атырау қаласының №2 сотының үкімімен белгісіз адамнан жалпы салмағы 7 келі болатын бекіре тұқымдас балықтарын сатып алған С.Д. есімді азаматша жүктілігіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.
Қалалық №2 сотының баспасөз қызметі хабарлағанындай, сот отырысында айыпталушы С.Д. кінәсін толық мойындап, бейтаныс адамнан 7 келі бекіре тұқымдас балықты сатып алғанын, себебі ұлы ауырып, қан құрамы нашарлағанын, жасаған әрекетіне өкінетінін, бұдан әрі осындай әрекеттер қайталанбайтынын айтқан.
- Сот айыпталушының бұрын әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, оның жүкті екенін, жанұясының барын, кәмелетке толмаған үш бала тәрбиелеп отырғанын, баласының ауыратынын, өзінің де жұбайының да жұмыс жасамайтынын, жанұясында табыс көзі жоқ екенін және қылмыс жасауының себебін ескере отырып, С.Д. қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - делінген хабарламада.
Мереке Асанова