ATPress.kz. 11 тамыз. Атырау облысының Мақат ауданында заңсыз ойын клубы әшкереленді. Ол жыл басынан бері жасырын түрде құмар ойындарды ұйымдастырып отырған.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Мақат аудандық сотымен Ә. М. қатысты қылмыстық іс «заңсыз ашу, ойын бизнесі саласындағы қызметті ұйымдастыру және ойын бизнесі» бабы бойынша жүргізілген.
Сотта анықталғандай, биыл Ә. М. букмекерлік кеңсеге керекті жабдықтарды алып, құмар ойындар ойнатуды қолға алған. Алайда, жедел-іздестіру шаралары кезінде полиция қызметкерлері Ә.М.-нің заңсыз қызметін әшкереледі.
Сот шешімімен Ә. М. кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, мүлкі де тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген.
Айдос Қарабала
Фото kievvlast.com.ua сайтынан алынған