Қарақшылар 24 млн теңге тонау кезінде ұсталды /ВИДЕО

АTPress.kz. 26 сәуір. Бүгін Атырау қаласы Курилкин ауылындағы жеке тұрғын үйді тонап, 24 миллион теңгені қолды қылған ұрылар қашып, бара жатқан жерінен ұсталды, деп хабарлайды АTPress.kz тілшісі.

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағанындай, ұрылар бүгін таңертең 8.40 шамасында Рыбник бау-бақша бірлестігіндегі жеке тұрғын үйге түскен. Пәтерде тек үй иесінің 1958 жылғы әпкесі болған. Қарақшылар әйелді күштеп, қол-аяғын байлап, жатын бөлмедегі теңге, доллар барлығы 24 млн ақшаны қолды қылған. Мақсатына жетіп қаша жөнелген қарақшылар туралы әйел адам айқайлап, далаға шығып, белгі береді. Осы кезде көрші дүкеннің иесі дереу полицияға хабарлап, құқық қорғау органы қызметкерлері келгенше, ұрының ізіне түседі. Осылайша көрші жігіт ұрылардың бірін машинамен қуып жүріп тоқтатады. Оқиға орнына полициялар да жетіп, қолына кісен салды. Қарақшының екіншісі сыбайласы қашып құтылғанымен, полициялар ізін суытпай жолын кесті. Алғашқы ұсталған ұры 14 млн теңгені қашып бара жатқан жолындағы қоқыс арасына жасырып үлгерген. 

Кейін анықталғандай, қос қарақшы да Мақат ауданының 1990 жылғы азаматтары болып шықты. Бұған дейін де тонау фактісімен сотты болған. Алайда, бұл үйде 24 миллион ақша болғанын тонаушылар қайдан білгені әзірге белгісіз. 

- Үй иесі айналасындағы ешкімнен күдіктенбейтінін айтты. Жақында мал сатып, шағын шаруаларымызға банктен несие алған едік. Әкемнің қайтыс болуына байланысты ағайындарымыз да көмекке ақша берген болатын, - деді зардап шегуші.

Куәгер полиция қызметкерлерінің айтуынша, қашқын ұсталған кезде қолында мылтығы болған. Қарудан бір оқ атылғаны белгілі болды. 

 

Мереке Асанова