ATPress.kz. 19 мамыр. Атырауда мүгедек әйелді өлтірген халық емшісі сотталды. Қылмыстық іс Махамбет аудандық сотында қаралған.
Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сотта анықталғандай, жәбірленушінің ұлы С. В. халық емшісі О.Н.-мен телефон арқылы сөйлесіп, полиартрит ауруына байланысты 13 жыл төсек тартып жатқан екінші топтағы мүгедек анасы Б.Б.-ны емге апаруға келіскен. Емдеу кезінде емші науқастың аяқтарын күштеп созып, қолымен тізесін қатты басыпты. Сол кезде мүгедек әйел өзін нашар сезініп, есеңгіреп қалған. Сөйтіп жедел жәрдем шақыртуға тура келген. Алайда, жәбірленуші аудандық емханада травматикалық шоктың әсерінен қайтыс болды.
Сот отырысы кезінде емші өзінің кінәсін толық мойындады. Нәтижесінде, ол Қылмыстық кодекстің 104 бабының бірінші бөлігімен айыпты деп саналып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және сараптама шығындары өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Айдос Қарабала
Фото kapital.kz сайтынан алынған