Букмекерлік кеңсеге қарулы шабуыл жасаған

ATPress.kz. 15 тамыз. Атырауда букмекерлік кеңсеге қарулы шабуыл жасаған қаскөйлер сотталды. Адам өлтірмек боп, қылмыс жасаған үшеу Жылыой ауданының тұрғындары болып шықты.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта анықталғандай, қанды оқиға биыл 15 ақпанда болған. Құлсары қаласындағы букмекерлік кеңседе жәбірленушілер Е. мен А. отырған кезде таяқ және суық қарумен қамданған Б., К. және Д. есімді жігіттер баса көктеп кіріп келген.

Сөйтіп олар екі жәбірленушіге шабуыл жасап, оларды таяқпен ұрған. Ал қолында мылтығы бар Д. жәбірленушілерге бағыттап оқ жаудырыпты. Салдарынан, жәбірленушілерге көптеген дене жарақаты келтірілген. 

Сотта басты дәлелдеме ретінде букмекерлік кеңседе орналасқан бейнекамераға жазылған іс-әрекеттер қаралды. Зерделей келе, сотталушы Д. Қылмыстық Кодекстің «адамды қазаға ұшыратуға оқталу» және «атыс қаруын заңсыз алып жүру» баптарымен кінәлі деп танылды. Оған 15 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал сотталған Б. мен К. Қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша айыпты саналып, олар 4 жыл бойы темір торда жазасын өтейтін болды.  

Сот үкімі заңды күшіне енген. 

 

Айдос Қарабала

Фото regnum.ru сайтынан алынған