Бекіре балық өсіру зауытының қуаты төрт есеге артпақ

АTPress.kz. 3 сәуір. Атырау өңірінде бекіре тұқымдас балық өсірумен айналысып келетін қос зауытқа келесі жылы қайта жаңарту жұмыстары жүргізілмек.

Қазіргі кезде «Жайық Атырау» бекіре балық өсіру зауыты жылына жеті миллион дана шабақ өсіріп, Каспий теңізіне жіберіп отырса, зауыттың қуатын арттыру жұмыстарынан кейін табиғи ортаға 30 миллион шабақ жіберіп тұруға дейін мүмкіндік алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Марлен Айнабеков мәлімдеді. М.Айнабековтың айтуынша, қос зауыттың қуатын арттыру жұмыстары үш сатыдан тұрады. Оған 2018 жылы 30 миллион теңге қаржы бөлу жоспарланып отыр. 

Кездесу барысында М.Айнабеков елдің батыс өңірінде бекіре тұқымдас және басқа да балықтар түрлерін сақтап қалуға бағытталған кезекті «БЕКІРЕ-2017» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталғандығын хабарлады. 

Аталған науқанға браконьерлікке қарсы күреске құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылады. Қазіргі кезде браконьерлік фактілерінің неғұрлым көбірек көрінуі ықтимал жерлерде 20 бекет ұйымдастырылған. Оның он бірі Жайық өзені бойында, төртеуі Қиғаш өзені бойында және 5 бекет Каспий теңізінің жағалауында орналасқан. Оларға 97 мемлекеттік инспектор, 10 КС патрульдік өзен катері, 12 шағын кеме мен 24 бірлік көлік құралы тартылған. Сонымен қатар, Ұлттық гвардиясының 36 әскери қызметшісі мен ішкі істер органдарының 232 қызметкері, 58 автокөлік, 8 жүзу құралы, соның ішінде күшті моторлы теңіз кемелері бар. 

- Бұл іс-шаралар бағалы балық түрлерінің, әсіресе бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашу орындарына өтуіне және молаюына үлкен мүмкіндік береді, - дейді балық қорғау қызметкерлері.

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі