ATPress.kz. 26 шілде. Бүгінде атыраулықтардың газ үшін берешегі 52 млн.теңгеден асқан. Оның ішінде мерзімі өткен қарыз 21 млн.теңгені құрайды. Ал заңды тұлғалар тарапынан көгілдір отынға бережақ 18 млн.теңгеге жеткен.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсұт Абуов мәлімдеді.
Сонымен қатар, жиында мекеменің жыл басынан бері атқарған жұмыстары мен 2016-2020 жылдарға арналған Инвестициялық бағдарламаның жоспары баяндалды. Бағдарлама негізінде табиғи газды тұтыну көлемінің соңғы 10 жылда айтарлықтай өсуіне байланысты, газ құбырлық желілер мен ғимараттарды жаңарту, қалпына келтіру мен жетілдіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда көгілдір отынға қажеттілік 170 млн текше метрден 357 млн текше метрге жеткен. Ал биыл «Индер-Бөдене» жоғары қысымды кентішілік газ құбырларына модернизациялау аяқталып, жаңа құбыр пайдалануға беріліпті.
Әлбетте, газбен қамту жүйесі үлкен жауапкершілік пен сақтықты талап етері сөзсіз. Биыл апаттық-диспетчерлік қызметке 3 мыңнан астам өтінім түсіпті. Алайда, газ апаты салдарынан қайғылы жағдай тіркелмеген.
Айдос Қарабала
Фото aparthome.org сайтынан алынған