Атыраулық полицей еліміздің ең үздік тергеушісі атанды

Атыраулық полиция капитаны Есімжан Сейтжанұлы «Үздік тергеуші-2023» аталымын жеңіп алған болатын, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қылмыстық істі тергеудегі басты кейіпкер – тергеуші. Ал, тергеушінің түпкі тұтқасы – оның әдептілігі мен кәсібилігі. Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғаға толы. Қарбаласқан қызметте ар алдындағы адалдық үшін еңбек етіп жүрген тәртіп сақшысы тергеушінің бірі – Есімжан Сейтжанұлы Бисенов.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, Есімжан Сейтжанұлы 2013 жылы Баримбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2017 жылы екі иығына жұлдызды погон тағып, жеті жылдан бері еңбек өтілі Тергеу саласында өрбіп келеді. Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерінен тәжірибе жинақтап, қызметте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты ұстанатын тегеурінді тергеуші жауапкершілік жүгі ауыр екенін айтады. 

- Тәжірибе мен біліктілікті тең ұстап, әділдіктің ақ жолынан таймау, алдыңа келген әр жанның шынайы бет-бейнесін тану, психологиялық қарым-қатынасты бағыттай білу кез-келген заңгердің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Біз әрқашан қызметте тәжірибе алмасып, тығыз байланыста қызмет атқарамыз. Әрбір жауапты істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығамын, - дейді полиция капитаны.

Бүгінгі күні қоғамдағы тәртіп пен берекені бұзып, айналаны дүрбелеңге салатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтар қатары жеткілікті екені сіз бен бізге мәлім. Ал, қылмыскерлердің жасаған қылмысының ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді анықтап, қоғам тыныштығын күзету жолында қызмет ететін тергеушілер үшін нәтиже маңызды. Есімжан Сейтжанұлының өндірісінде болған қылмыстардың басым көпшілігі есірткі, психотроптық заттарға қатысты және медицина жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша тіркелген қылмыстардың сотқа дейінгі тергелуі. Мәселен, 2023 жылы қаңтар айының 22-і күні 102 операторына Атырау қаласының тұрғыны есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында ұсталып тұрғаны жөнінде ақпарат түскен. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірінғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің тармақтарымен тіркеліп, қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданды. Осы есірткі психотроптық заттарын өзімен бірге және үйінде сақтап, сатып жүруі мүмкін екендігін ескеріп тергеу судьясының санкциясыз тез арада кезек күттірмейтін мән жайлар бойынша жеке тінту және тінту әрекеттері жүргізілді. Нәтижесінде, 2001 жылғы туған күдікті қылмыстық іс бойынша жауап алу кезінде өзінің кінәсін толығымен мойындаған.

Әрі қарай күдіктіге қатысты барлық тергеу амалдары жүргізіліп, оның іс әрекеті толығымен дәлелденіп, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданып, Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті тұлғаға қатысты 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тергеу саласы қызметте сауаттылық пен білімділікті, ой ұшқырлығы мен төзімділікті талап етеді.  Бұл қасиеттерді тең ұстауға Есімжанға таптырмас серігіне айналған спорт деуге болады. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы қалалық, облыстық додалардың жеңімпазы кәсіби саласында республикалық сайыста «Үздік тәлімгер» марапатын иемденді.

Тергеушілер арасынан жүзден жүйрек, мыңнан тұлпарлар анықталып, тергеу саласының қыр-сырын меңгерген, жаста болса жоғары кәсібилік қасиетімен ерекше көзге түскен Атырау қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі полиция капитаны Есімжан Сейітжанұлы Бисенов жүлделі 3 орынды қанжығасына байлады.

Мемлекет мүддесінің өркендеуіне өздерінің сүбелі үлесін қосып келе жатқан еңбек тұғырындағы тәртіп сақшыларының толайым қызметтері үшін олар қашанда жоғары жетістікке лайықты.