Атырауда браконьерлермен күрес жұмыстары жетілдіруді қажет етеді

АTPress.kz. 6 наурыз. Табиғаттың емес адамдардың жыртқыштығынан Атыраудағы бекіре қоры соңғы он жыл ішінде үш есеге кеміп отыр.

Бұл туралы бүгін Атырау облыстық прокуратурасында өткен заңсыз балық аулауға қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінде айтылды. Атырау облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Владимир Малаховтың айтуынша, облыста өткен жылдың өзінде браконьерлерден 21 тонна заңсыз балық тәркіленген. Ол тек бір ғана фура көлігінен тәркіленген балық көлемі. Жиында Атырау облыстық ішкі істер департаментінің бірінші орынбасары Хамза Үмбетқалиев балық және балық өнімдерін заңсыз тасымалдаудың жолын кесу мақсатында жыл бойына ұйымдастырылған іс-шаралардың нәтижесіне тоқталды. 

- Былтырғы жылы «Бекіре-2016» жедел іс-шарасы аясында көптеген фактілер анықталып, заң бұзғандарға 8 миллионнан астам айыппұл салынды. Бұдан бөлек, рейдтік шаралар кезінде ұсталған 21 мотокөлік иесіне тиісті шара қолданылса, иесі белгісіз 15 мотокөлік арнайы автобазаға қойылды, - деді Х.Үмбетқалиев. 

Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев облыста табиғат пайдаланушылардың өзі өз міндеттерін түсінбей келетінін айтады. 

- Бүгінде Атырауда балық шаруашылығымен айналысатын 19 кооператив бар. Заңды түрде тіркелмеген жекелеген азаматтар кейбір кооперативтердің су көліктерін жалға пайдаланып, көлеңкелі бизнес жасап жүр. Бүгінде аталған 19 кәсіпорынның берілген лимитті орындай алмай отырғаны да осының салдарынан, - деді С.Рысқалиев. 

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев заңсыз балық аулауға қарсы үйлестіру жұмыстарына жан бітіру керектігін айтты.   

- Табиғат пайдалану мәселесін шешуге болады. Ол бәрімізге ортақ іс. Қазіргі кезде Жайық, Қиғаш, Шарон өзендерінің түбін тереңдету мәселесін күн тәртібіне қойып отырмыз. Былтыр облыстық бюджеттен 66 миллион теңге бөлініп, Жайық өзенінде 65 шақырым, Қиғаш өзенінде 131 шақырым жердің түбін тереңдетудің жобалық құжаттары жасақталды. Жұмыстарды шілде айында бастауды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті облыс әкімі Н.Ноғаев.

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет Ерлан Алтыбаевтікі