Атырау облыстық судьялар корпусында жаңа тағайындаулар

ATPress.kz. 20 маусым. Атырау облыстық сотының төрағасы М. Бектұрғанов облыстың судьялар корпусына жаңадан тағайындалған судьяны және аудандық соттың төрағасын таныстырды.

Елбасының жарлығымен Атырау облыстық сотының судьясы лауазымына бұрын Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болған Хасан Сағат Қаламғалиұлы тағайындалды.

Сонымен қатар, Атырау облысының Жылыой аудандық сотының төрағасы лауазымына бұрын Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына басшылық еткен Жұмабаев Болатбек Бақтығалиұлы тағайындалды.

Арнайы таныстырудың соңында облыстық соттың төрағасы жаңадан тағайындалған әріптестеріне табыс тілеп, олардың басты мақсаты – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын көтеруге жұмыстану қажет екенін атап өтті.

Хасан Сағат Қаламғалиұлы - еңбек жолын мемлекеттік сақтандыру басқармасында заң кеңесшісі болып бастаған. Әр жылдары аға заң кеңесшісі, қалалық сақтандыру компаниясының бас маманы, "Казкоммерцбанк" филиалының бөлім басшысы, жетекші кеңесшісі, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары, бөлім басшысы, Мақат аудандық сотының судьясы, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы лауазымдарында болған.

Жұмабаев Болатбек Бақтығалиұлы - ұзақ жылдар Атырау облысының әділет басқармасында еңбек еткен. Кейін сот атқарушылардың және приставтардың департамент басшысы, Атырау облысы соттар әкімшісінің бөлім басшысы, қалалық соттың судьясы, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы лауазымдарында қызмет жасаған.

 

Айдос Қарабала