ATPress.kz. 8 маусым. Атырауда ана мен бала өліміне себепші болған дәрігерлерге қатысты сот үкімі шықты. Шешім бойынша, қалалық перзентхананың үш бірдей дәрігеріне 1 жылдан 3 жылға дейін шартты жаза тағайындалды.
Қайғылы оқиға былай өрбіген: төртінші баласын ауылда емес, Атыраудағы білікті мамандардың қолында босанамын деп келген 32 жасар Г. Жекеноваға дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсетпеген. Ол бір тәулік қиналып, босана алмай жан тапсырған. Құрсақтағы шаранасы да жарық дүниені көре алмай кетті.
Осы орайда, марқұмның сіңлісі Ж. Жекенова дәрігерлердің біліксіздігіне күйініп, сотқа арыз жазған. Тексеру жұмыстары нәтижесінде дәрігерлердің кінәсі анықталып, үшеуіне де Қылмыстық кодекстің 317-інші бабы, 3-інші бөлігі бойынша іс қозғалған. Айыпталушылар - Н. Мұхамбетқалиеваға 2 жыл, А. Сембиеваға 1 жыл, А. Дуетоваға 2 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы ұсынылыпты. Сонымен қатар олар 3 жыл медициналық қызметпен айналысуларына тыйым салынған.
Алайда, қорытынды сот отырысында екі жақ тараптың процессуалдық келісімге келгені айтылды. Яғни, марқұмның сіңлісі мен жолдасы дәрігерлерге кешірім берген. Сөйтіп, сотталушылардан 13 млн теңге шығын өндірілді.
Процессуалдық келісімнің жасақталуына сәйкес, сот дәрігерлердің бас бостандығынан айыру жазасын Қылмыстық кодекстің 63-інші бабы бойынша шартты түрде жазаға ауыстырды. Дәлірек айтқанда, сотталушылар үйінде болып, өзге қалаға шықпауға, түнгі мезгілде мейрамхана т.б. ойын-сауық орындарына бармауы тиіс. Сондай-ақ, 3 жыл бойына медициналық қызметтен қол үзеді.
Осы орайда, сот жәбірленуші тарапқа талаптарының бәрі заңды екенін, енді айыпты мекемеге моральдық және материалдық зиянды өтеу үшін талап қоюға құқығы бар екенін жеткізді.
Айдос Қарабала