ATPress.kz. 23 тамыз. Атырау облысының Жылыой ауданында алаяқтық жолмен қаржы иемденген азамат жауапқа тартылды. Ол 2016 жылдан бері 2 млн. теңгеге жуық қаражатты заңсыз қалтасына басқан.
Бұл туралы Жылыой аудандық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Аға прокурор Жарас Омаровтың айтуынша, 2016 жылдың желтоқсан айында «Ф» есімді азамат «А» есімді тұлғаға ұялы телефон арқылы хабарласып, біреудің атын жамылып қиын жағдайға түсіп қалғанын айтқан. Ақша керек екенін мәлімдеп, алаяқтық әрекетімен қаржысын иеленген. Бірнеше күн өткесін «Ф» есімді азамат тағы да «А»-ға хабарласып, алдау арқылы ақшасын алған. Сөйтіп «А» есімді азаматтан барлығы 1 миллион теңгеден астам ақшаны алаяқтық жолмен иемденіпті.
Сонымен қатар, жылыойлық екі азаматшаның сеніміне кіріп, өзін сауда үйінің өкілі ретінде таныстырып, олардан барлығы 500 мың теңге көлемінде ақшаны қолға түсірген.
Осы аталған фактілер бойынша, Қылмыстық Кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілген. Нәтижесінде, Жылыой аудандық сотының үкімімен «Ф» есімді азамат кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленді және үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жалпы, жыл басынан бері Жылыой ауданында 409 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 29 қылмыс алаяқтық ісі бойынша жүргізіліпті.
Айдос Қарабала
Фото gizycko.wm.pl сайтынан алынған