АTPress.kz. 17 наурыз. Атыраудағы түзету мекемелерінде жазасын өтеп жүргендердің 46 пайызы кәсіпкерлер арқылы еңбекке тартылған. Бүгін Атырауда сотталушылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындардың назарына ұсынылды.
Көрмеге ерлер және әйелдер колониясында қызмет түрлерін ұсынып отырған он жеті кәсіпорын қатысты.
- «Еңбек Атырау» кәсіпорынында 167 сотталушы жұмыс жасайды. Оның жетпіс алтысы әйелдер, - деп таныстырып өтті Атырау облысы бойынша қылмыстық атқару департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Жангүл Отаралиева. Маманның айтуынша, бұл кәсіпорынның жанынан қосымша еңбек цехы да жұмыс жасайды.
- Көрмеге қызметкерлеріміздің жасаған барлық бұйымдарын алып келдік. Арнайы киімдер, балалар киімдері, кеңсе тауарлары, нан өнімін де жасап шығарамыз. Қазіргі таңда кәсіпорын облыстағы мұнай саласы қызметкерлерінің барлығын арнайы киіммен қамтып отыр. Биылғы жылы әйелдер колониясында етік тігіп шығаратын тағы жаңа қызмет түрі қосылмақ, - дейді Жангүл Отаралиева.
Сотталғандарға жұмыс ұсынатын кәсіпкерлерге жеңілдіктер де қарастырылған. Біріншіден кәсіпкерлер өндіріс аймағымен қоса қызметкерлерді төмен бағамен жалдай алады. Екіншіден, өндіріске күзет қоярда қаражатын үнемдей алады, дейді ұйымдастырушылар.
Көрмеге келген тұрығындар мен кәсіпкерлер арасында сөредегі бұйымдарға қызығушылығы оянып, тапсырыс беріп жатқандар да болды.
- Бүгінгі кезде түрмеде отырған азаматтар үкіметтің қаражатына қарап отырмай, еңбек етіп келеді. Оларға қызмет түрлерін ұсынып отырған кәсіпкерлерге де рахмет. Бұл, біріншіден, өздеріңізге пайда болса, екіншіден, олар өмір бойы сол жерде отырмайды. Жазасын өтеп шыққаннан кейін кәсіпкерлікпен айналысуына да үлкен мүмкіндік. Түзету мекемелерінде әкімшіліктің жанынан бизнес-инкубатор өндірістік кешені де жұмыс жасауда. Олардың шығарған өнімдерінің қажеттілігі көп болғанымен істеген жұмыстары көзге көрінбей қалып жатыр. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасымен бүгінгі көрмені ұйымдастырып отырмыз. Кәсіпкерлер көріп, болашақта тапсырыстар беріп қалар деген мақсат, - деді көрмені арнайы тамашалауға келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Фото, видео автордікі