ATPress.kz. 18 ақпан. Атырау қаласында өтіп жатқан «Қансонар-2017» республикалық турнирінің бірінші кезеңі аяқталды. Қатысушылардың арасында он бес жасар бала да бар.
Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Мыңқазан ауылынан келген тоғызыншы сынып оқушысы Серікболсын Жалғасұлы саятшылықты әкесінен үйренген.
- Әкем құсбегіліктен Қазақстан чемпионы. Атырауға ағаммен бірге келдім. Отбасымызмен құсбегілікті ұнатамыз. Бақдәулет есімді ағам бүркітпен мен қаршыға салумен бақ сынайтын боламын. Қаршығамды балапан кезінде қораға кіріп кеткен жерінен ұстап алғанмын. Қазір қолға үйреніп болды, үш жаста. Екі-үш күн сайын қырғауыл, қоян аулауға шығып тұрамыз. Қаршыға өзінің тапқан тамағын өзі жейді, - дейді жас саятшы.
Турнирдің бірінші кезеңінде құсбегілердің киімі, ат әбзелдері бағаланып, қажет құрал-жабдықтары тексеріліп, саятшылар бүркітті «Өзіне шақыру», «Сырға тарту», «Еркін ұшыру» бойынша сынға түсті. Құсбегілердің шамамен 1000 метр қашықтықтан тұрып шақырған бүркіттері иесін тауып келіп, қолына қонса иесіне 10 ұпай сыйлайды. Бабы жетпеген бүркіттердің далаға ұшып, Жайық бойымен тоғай жағалап кеткен жағдайлары да кездесті.
- Бүркіт томағасын шешкенде көзі қызылға түседі. Сондықтан жарыс қарауға келген балаларға қызыл киім кигізбеулерін сұраймыз, - дейді төрешілер.
Осылайша, жарыстың ертеңгі ақтық кезеңіне 18 бүркітші жолдама алды. Олардың арасында атыраулық үш құсбегі де бар. Саятшылар Жаңаталап ауылында ертең сағат 10.00-де қоян, қарсақ, қасқыр аулау бойынша сынға түседі. Қазір аңдар жалаң қолмен ұсталынып торда күтімде тұр.
Бүгінгі болған турнирдің ашылу салтанаты барысында Атырау облысының ұлттық спорт түрлерінің дамуына үлес қосып жүрген Әбдікәрім Қошқаровқа ұлттық спорт түрлері Атырау облыстық филиалы ат мінгізіп, облыс әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет, видео автордікі