Алматылық жұп жаңа туған сәбиін 2 миллион теңгеге сатпақ болған.
Сатып алушылар да Алматы қаласының тұрғындары, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар осыдан екі ай бұрын өзара келісім жасасқан. Күдіктілер сауда үстінде құрықталды. Қылмыстық іс бойынша 7 адам қамауға алынды. Ұсталғандардың ішінде делдалдар да бар.
Алматы прокуратурасының хабарлауынша, іс бойынша е АХАЖ және перзентханалардың қызметкерлері де тергелуде. Олар балаларға құжаттарды заңсыз рәсімдеумен және оларды перзентханадан шығарумен айналысқан.
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 9-дан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
– Ұстау кезінде делдалдардың қолынан тағы кішкентай екі нәресте шықты. Жобалап 7 айлық және 3 айлық. Екеуі де қыз бала. Екі қыз бала өзімдікі деп сезіктінің біреуі айтты. Бірақ бұны ресми түрде құжаттармен дәлелдеп бере алмады.
Дереккөз: 24.kz