ATPress.kz. 16 мамыр. Қазір отандық БАҚ-та ретроспективалық сұхбат жанры кенже қалып келеді.
Айта кетейік, ретроспективалық дегеніміз – өмірден өткен тарихи тұлғалардың айтқан сүбелі сөздерін жинақтап, сұхбат жүргізудің түрі.
Бұл бағытта шешендік өнер бойынша жаттықтырушы, журналист Ағабек Сыдықов бүгін атыраулық тілшілермен өткізген семинар жиында Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасу сəтіндегі тəжірибесімен бөлісті.
Білікті журналистің даңқты батырмен сұхбаттасуы үшін ол туралы жазылған бірнеше шығарма мен кітаптарын оқып танысып шығуы қажет болған.
- Бауыржан Момышұлының ерік-жігер, қазақ қыздарын қорламау, батырлыққа ұмтылуға жетелейтін қанатты сөздері ел аузында сирек кездеседі. Көбісі кітаптарда ғана басылған. Алайда ондай том-том кітаптарды бастан-аяқ оқып шығуға уақыт бөлетін жастар қазіргі кезде аз. Осы орайда халық қаһарманының өмірден түйіп, кейінгіге қалдырған насихат сөздерін ықшамдап, жастарға жеткізу мақсатында сұхбат жүргізуді жөн санадым, - дейді журналист.
Сыр-сұхбатта журналист жастар тəрбиесі, ерлік тақырыптарына байланысты батырдың айтқан сөздерін оқырманға жеткізуге тырысқан.
Бұдан бөлек, жастарға рухани азық беру мақсатында қаламгер мұндай сұхбатты Абаймен, Əлихан Бөкейханұлымен де жүргізген.
Семинар барысында журналист дін тақырыбын жазуға маманданған атыраулық тілшілерге діни материалдарға тақырып қою мəселелеріне сақтықпен қарауға шақырды.
Нұрбейбіт Нұғыманов