Термешілер байқауынан республикаға жолдама алды

ATPress.kz. 30 наурыз. Атырауда өткен облыстық термешілер байқауының бас жүлдесін Индер ауданы, Бөдене ауылының 11 сынып оқушысы Гүлдана Исламқызы жеңіп алды. «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық байқауға қалалық, аудандық байқауларда топ жарып жүр

Шараның салтанатты ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев термешілерге сәттілік тілеп, додадан озып шығуына тілек білдірді. 

- Нақыл сөзден тізбектеліп құралған терме өнерінде ғибратты мән бар. Бүгінгі байқауда топ жарған жеңімпаз облыстың намысын республикалық байқауда қорғайтын болады. Сондықтан қазылар алқасы да үміткерлердің өнеріне әділ баға беріп, шын жүйрікті таңдайды деп сенім білдіремін, - деді Әлібек Нәутиев. 

Байқауға облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері қазылық етті. 

- Байқауға «Тәуелсіздік толғауы» атты термемді алып келдім. Терменің әуені мен сөзін де өзім жаздым. Алайда, облыстық термешілер байқауына алғаш рет шығуым, - дейді Исатай ауданынан келген үміткер Берікбол Қонаров

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды атыраулық Самал Өмірзақова жеңіп алса, Құрманғазы ауданынан келген Толыбай Қажыгереев екінші орынды, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының студенті Нұрдәулет Ахмедияр үшінші орынды қанағат тұтты. Ал, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған индерлік Гүлдана Исламқызы республикалық байқауда бағын сынайтын болды.   

Жеңімпаз бұған дейін де «Жарқын болашақ» республикалық термешілер сайысында бірінші орынды иеленген. 

- Төртінші сыныптан бастап домбырада ойнаймын. Бүгін индерлік ақын Мұрат Таласовтың сөзіне жазылған «Қазақстан - Мәңгілік ел» тақырыбындағы термені орындадым. Жүлде алмасам да облыстық сайыста бағымды сынайын деген мақсатым болған. Білмегенімді үйретіп, жеңіске жетуіме мұрындық болған ұстаздарыма алғысым зор, - дейді жеңімпаз. 

Ал, қазылар алқасының төрағасы Әбілхан Төлеуішовтің айтуынша, қатысушылар әлі де дайындықты қажет етеді. 

-  Орындаушылардың бүгінгі көрсеткен өнерінде кемшін тұстар байқалды. Термеде қазақтың салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесімен руханияты тоғысқан. Сондықтан оны жан жүрегімен орындау керек. Жеңімпаздар алдағы уақытта осыны ескеруі қажет, - деді Әбілхан Төлеуішов

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі