АTPress.kz. 15 мамыр. Атырауда биыл жастар жасақтарына облыс бойынша 2000 адам жұмылдырылмақ. Оған жергілікті бюджеттен 97 млн теңге және республикалық трансферт есебінен 39 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Биылғы жылы жастардың жазғы демалысын тиімді пайдалану және еңбекке баулу мақсатында студенттер мен жұмыссыз жастарды «Жасыл Ел», құрылыс, агро- және археологиялық жасақтарына маусымдық жұмысқа тарту жоспарланған. Жұмысшы жастарға 59 000 теңге еңбекақы төленіп, арнайы жұмыс формасымен қамтамасыз етіледі.
Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиевтің мәліметіне сүйенсек, археологиялық жасақтар Халел Досмұхамедов атындағы университетімен бірлесе жаз мезгілінде «Сарайшық қазба алаңдары, Қарабау қорғандары, «Тас кешу – Керуен сарай» қазба нысандарында археологиялық жұмыстар жүргізеді.
Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 14-29 жас аралығында 150 мыңнан астам жас бар. Олардың 78 мыңы әйелдер, 75 мыңы ерлер. Бұл облыс халқының 26,2 пайызын құрайды. Облыста «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 1600 астам жұмыссыз жастар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мереке Асанова