АTPress.kz. 14 ақпан. Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында суретшілер одағының мүшесі Камила Жапалова болашақ ізбасарларына арнап шеберлік сыныбын өткізді.
Қолөнершінің қырық бес жасқа толу мерейтойына орай өткізілген шара барысында мұражайдың көрме залына автор туындыларынан сурет көрмесі ұйымдастырылып, келушілер күні бойы музейді тегін тамашалауға мүмкіндік алды. Кездесу барысында Камила Жапалованы үлгі тұтып, сондай суретші болсам дейтін оқушылардың да қатары көп екенін аңғардық. Қайыршақты балалар саз мектебінің оқушысы Дидар Жалғасова бірінші сыныптан бастап сурет үйірмесіне қатысып келетінін жеткізді.
- Сурет өнері мені ерекше қызықтырады. Бесінші жыл қатарынан сурет үйірмесінен дәріс алып келемін. Бүгінгі Камила апаймен болған кездесу, шабытыма шабыт қосып, әсер сыйлады. Болашақта осындай суретші болсам деп армандаймын, - дейді жас суретші.
Шеберлік сыныбы барысында қолөнерші талапкер ізбасарларына үнемі ізденіс үстінде жүру керектігін айтып, бағыт берді. Сурет өнеріндегі батик жанрының сырларымен бөлісіп, ойды жібек матаға түсірудегі озық тәжірибесін көрсетті. Жаңа туындыларды өмірге әкелуге маған көктем, күз айлары ерекше әсер береді, дейді автор.
Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, Камиланың туындылары Атырау суретшілеріне арналған көрме залда бір ай бойына тұратын болады. Көрмеде суретшінің «Тәуелсіздік таңы», «Қайран, Нарын!», «Бақыт жолы», «Саяхат», «Құрақ», «Көктем келді», «Тұмар» атты туындылары бар. Камиланың туындылары бұған дейін Ресей, Түркия, Кипр және Францияда өткен суретшілер көрмесіне қойылған.
Нұрбейбіт Нұғыманов
Сурет автордікі