Қоғам қайраткері Атыраудың өнер меккесіне айналғанын айтты

АTPress.kz. 22 мамыр. Атырауда белгілі ақын, драматург Иран-Ғайыптың 70 жылдық мерейтойына орай «Мәңгілік елдің алтын адамы» халықаралық театрлар фестивалі басталды.

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлағанындай, шараға Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық Хадиша Бөкеева атындағы Қазақ драма театры,  Семейдегі Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы Қазақ драма театры қатысуда. Фестиваль 24 мамырға дейін жалғасады. Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткізіліп отырған фестивальдің маңыздылығын түсіндіріп, мұның барлығы Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласында көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Облыс әкімі мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына және фестивальге қонақ болып келген вице-министр Ақтоты Рахметоллақызына мәдени шараларды өткізудегі қолдауы үшін ерекше ризашылығын білдірді. 

Ашылу салтанатында сөйлеген театр қайраткері Есмұхан Обаев Атырау облысында өнер мен мәдениетке деген ықыластың ерекше екенін айтты:

– Атырау елі бүгінде өнердің меккесіне айналды. Осы мен білгелі бері жеті ұжым гастрольдік сапармен келіп, фестивальдер өткізді. Бір драматургтің фестивалін өткізу бұл – үлкен жомарттық, үлкен тәуекел. Жыл сайын өтеді деп айттыңыз. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Жыл сайын бұл жерде фестиваль өткізу деген... Бұдан былай осы жұрт фестивальсіз күн көре алмайтын болады, – деді ол.

Фестиваль аяқталған соң Атырау қаласында Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші өтеді деп жоспарланған.

 

Мереке Асанова