Қазақ ұлты жойылады деген әртіс Ноғаевтан сөз естіді

ATPress.kz. 23 наурыз. Бүгін Атырауда өтіп жатқан Блог Құрылтай кезінде белгілі әртіс Әнуар Нұрпейісов қазақ ұлтының ерте ме, кеш пе, бәрібір жойылатынын, сондықтан ұлт мәселесіне көңіл аудармауға болатынын айтты.

Бұл туралы Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, елге белгілі тұлғалар Мұрат Әбенов, Есен Елеукен, Маралбек Сағынғанов, блогшы Әлішер Елікбаев, Сырым Әбдрахмановтар қатысты. 

Жиылғандарға сұрақ қойған жергілікті студент елге белгілі тұлғалардың қоғамның тәрбиешісі екенін айтып, оларды ұлт мәселесіне назар аударуын сұрады. Сұраққа жауап берген Әнуар Нұрпейісов ұлт, тіл мәселесіне қатты көңіл бөлудің қажеті жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, мәселен, мың жылдан кейін жер бетінде қазақ түгілі, ешқандай ұлт қалмайды. Сондықтан ұлт, тіл дей бергенше, білімге көңіл бөлу керек деді ол. 

Ол соңғы кезде жігіттердің қыздарға көп еліктеп жүргеніне қатысты пікір айтты. Нұрпейісовтың ойынша, мұнда тұрған ештеңе жоқ. 

- Біз жаһандану уақытында өмір сүріп жатқандықтан, түрлі мәдениетті бойымызға бәрібір сіңіреміз, одан қашып құтылу мүмкін емес, - деді Ә.Нұрпейісов. 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл пікірмен келіспейтінін айтып, үзілді-кесілді қарсы болды. 

- Әр ұлт өзінің келбетін, табиғатын сақтап қалуға талпынуы керек. Бұл - табиғаттың заңы. Тіл - ұлттың табиғатынан хабар беретін құрал. Сондықтан біз тілге, ұлттық құндылықтарға бірінші кезекте көңіл бөлуіміз керек. Жігіттеріміз – жігітше, қыздарымыз – қыздарша өсуі қажет, - деді Ноғаев. 

 

Мереке Асанова